Қалалық мәслихат депутаты Дулат Жаманбаевтың қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдау пікірі

Латын әліпбиіне көшу - болашаққа батыл қадам

Бүгінгі таңда елімізде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі кең талқыға салынуда. Осы орайда мен де республика азаматы және мәслихат депутаты ретінде бұл үрдіске қатысты өз пікірімді білдіру дұрыс деп есептеймін.

Латын графикасына көшу тақырыбы еліміздің тәуелсіздік алған кезінен көтеріліп жүргені баршаңызға аян. Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан - 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы даму старатегиясын айқындап, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу қажеттілігі туралы мынадай қорытынды пікірін білдірген болатын: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады». Елбасы атап отырған, латын әліпбиінің бізге жат еместігін айқындайтын қадам 1929 жылы жасалғанын, елімізде «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылданып, нәтижесінде 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі негізіндегі жазу үлгісі пайдаланылғанын атап өткім келеді. Ғасырға жуық өткен тарихымызда қабылданған бұл шешім тіл тазалығын, ұлттық бояуды сақтап қалу мақсатында қабылданған.

Бүгінде бұл мақсатқа тілдік ерекшеліктерді сақтау, жаңғырту, қазақ тілін осы заманғы ақпарат тіліне айналдыру арқылы оны халықаралық дәрежеге шығару мақсаты қосылып отыр. Бұл, әрине, күрделі үрдіс, бірақ ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынов айтқандай: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тілі» болса, біз тіліміздің тазалығын бар мүмкіндігімізше сақтауға тиістіміз. Сол себепті бұл реформа болашаққа батыл қадам, маңызды бастама деп есептеймін.

 

Степногорск қалалық мәслихатының депутаты

Дулат Жаманбаев

 

Байланыс телефондары: 8 (716 45) 6-26-50
e-mail: maslihat@stepnogorsk.gov.kz